Спирометрия (спирография, сыртқы тыныс алу функциясы) — өкпенің функционалды жағдайын бағалау үшін пульмонология мен терапиядағы негізгі диагностикалық әдістердің бірі болып табылады.Бұл әдіс өкпенің көлемін, бір секундта дем шығару көлемін және дем шығару жылдамдығын өлшеуге мүмкіндік береді.Дәрігер зерттеулерден кейін аурудың өкпесінің ауа толтыру қабілетін және бронхтарының тыныс алу және дем шығару кезінде ауа өткізу қабілетін қаншалықты өзгерткенін бағалай алады.
Зерттеуге дайындық кезінде қарапайым ережелерді сақтау керек:
- егер сіз шылым шегетін болсаңыз, зерттеу алдында бір тәулік ішінде темекі шекпеңіз (егер бұл мүмкін болмаса, зерттеу алдында қатаң түрде2 сағат ішінде темекі шекпеңіз);
- зерттеу алдында бір тәулік ішінде ішімдік ішпеңіз;
- зерттеуден 2 сағат бұрын тамақтанбаңыз, таңғы ас жеңіл болуы керек;
- зерттеу алдында 2 сағат бұрын денеге артық күш түсірмеуге тырысыңыз (дене шынықтырумен айналысуды және баспалдақпен көтерілуді қоса алғанда);
- зерттеу алдында қозғалысқа кедергі келтірмейтін ыңғайлы киім кию, зерттеуге алдын ала келіп, кабинеттің алдында демалып алу керек;
- егер сіз дәрі-дәрмектерді қабылдасаңыз,міндетті түрде зерттеу жүргізетін маманға хабарлаңыз (атауын, мөлшерін, зерттеу күніндегі соңғы қабылдау уақытын);
Сақ болыңыз, бұл мәліметтер өте маңызды!
- сіз нақты бойыңызды және салмағыңызды білуіңіз керек;
- өзіңізбен бірге қол орамал алыңыз.
Зерттеу алдында төмендегі дәрі-дәрмектерді қабылдауға қатаң тыйым салынады:
- 6 сағат ішінде — сальбутамол, вентолин, беротек, саламол, астмопент, беродуал, тербуталин (бриканил), алупент,атровент, травентол, трувент немесе олардың аналогтары;
- 12 сағат ішінде — теопек, теодур, теотард, монофиллин-ретард;
- 24 сағат ішінде — интал, натрий кромогликаты, дитек, сервент, формотерол, вольмакс;
- 96 сағат ішінде — гормоналды препараттар: бекотид, ингакорт, будесонид-форте, флексотид;
Зерттеу қауіпсіз, әдетте 15-30 минутты алады.