Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Осы орайда, экстракорпоральды ұрықтандыруға бөлінетін квотаның саны 7 мыңға дейін артты, соның ішінде Ақмола облысына 270-тен аса квота бөлінді. Осылайша, мыңдаған отбасы бала сүю бақытына ие бола алады.
Бағдарламаға кімдер қатыса алады
"Аңсаған сәби" бағдарламасы бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Оған отбасылық жұптар да, жеке адамдар да қатыса алады. Қазақстанның азаматы болуға тиіс және денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі керек. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысатын адам міндетті түрде ерікті түрде жазбаша келісім береді.Олар:
- репродуктивті жас – 18-ден 49 жасқа дейін;
- қалыпты соматикалық және эндокриндік көрсеткіштер;
- жоғары фолликулярлық резерв.
ЭКО - ға жолдама қалай беріледі
"Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында ЭКО-ға жолдама алу үшін алдымен тіркелген жері бойынша емханаға бару міндетті. Сол жерде үміткерді бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тізіміне қосады. Одан кейін тексерістен өтеді. 12 айдың ішінде емхана бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда әйелді "Емдеуге жатқызу бюросы" порталына тіркеп, емшараға дайындық басталады. Пациент экстракорпоралды ұрықтандыру клиникасын өзі таңдайды. "Аңсаған сәби" бағдарламасы бойынша экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасы жылына бір рет тегін жасалады.