Сабитова А.Б
Онкология қызметінің дәрігер онкохирургі
«Көпбейінді облыстық аурухана» ШЖҚ МКК
Тері меланомасының алдын алу және ерте диагностикалау
Меланома – бұл терінің пигментті жасушалары – меланоциттерден бастау алатын қатерлі ісік (обыр). Меланома адамдағы ең агрессивті ісіктердің бірі болып табылады, оның қауіптілігі өте тез метастаздар (ісіктің өзі өте кішкентай болған кезде де) түзу қабілетінде. Бұл метастаздар бірнеше ай ішінде өмірлік маңызды органдарды (миды, өкпені, сүйектерді) зақымдауы мүмкін, содан кейін оны іс жүзінде емделмейтін деп саналады. Дәл осы қабілетімен танымал болғандықтан, кейбір авторлар меланоманы ісіктердің «патшайымы» деп атайды.
Біздің облыста бұл патологиямен сырқаттанушылық жоғары емес, алайда жыл сайын меланоманың 20-ға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Біздің облыс бойынша меланомамен сырқаттанушылық 55 жастан 79 жасқа дейінгі жас аралығында байқалады, оның ішінде 75-79 жас аралығында сырқаттанушылықтың ең жоғарғы саны тіркелген, әрі әйелдер арасында басым болып келеді.
Сонымен қатар, меланоманың дамуын алдын алу басқа қатерлі ісік түрлеріне қарағанда әлдеқайда жеңіл. Біріншіден, ол көзге көрінетін жерде орналасатын ісік түріне жатады, яғни оны бастапқы кезеңде анықтау үшін тек терідегі қал мен пигментті дақтарды мұқият бақылап, меланоманы анықтауға мүмкіндік беретін белгілерді білу жеткілікті. Екіншіден, жылына кемінде бір рет қаралу немесе дәрігерге дейінгі тексеру бөлмелеріне барып тұру қажет, онда міндетті түрде визуалды қарап-тексеру жүргізіледі.
Өздігінен бақылау үшін қатерсіз және қатерлі жаңа түзілістердің бірнеше айырмашылық белгілерін білу қажет. Егер сіздің теріңізде (дененің кез келген жерінде, соның ішінде бас терісінде де) меңдер, туа біткен дақтар, невустар немесе секпілдер болса, олардың өлшеміне, шеттерінің жағдайына және түсіне мұқият назар аударыңыз. Қатерсіз жаңа түзілістерге тән белгілер: өлшемі 6 мм-ден аспайды, шеттері тегіс, бүкіл беті бір түсті болуы керек. Қатерлі жаңа түзілістерге тән белгілер: өлшемі 6 мм-ден асады, шеттері біркелкі емес, түзіліс симметриялы емес және түрлі-түсті болып келеді.
Сонымен қатар, түзілімнің көлемі, түсі, шеттері өзгерсе, беті қабыршақтанып, жарықтар пайда болса, қышып, қанайтын болса (тіпті бір рет болса да) – міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Мұндай белгілерді елеусіз қалдыруға болмайды. Есіңізде болсын, меланома кейде ешқандай белгісіз, бұрын түзілім болмаған – таза теріде де пайда болуы мүмкін.
Қауіп тобына денесінде көп секпілі бар адамдар, терісінде қатерсіз ісіктері немесе невустары бар адамдар, күнге сезімтал ашық түсті терісі барлар, сондай-ақ ашық күн астында жұмыс істейтін адамдар жатады. Себебі қазіргі таңда күн сәулесінің (ультракүлгін радиацияның) бұл аурудың дамуына әсер ететіні дәлелденген. Тері түзілімдерін жарақаттаудан сақ болу керек. Мысалы, кейбір жағдайларда түзілімнің киіммен үнемі үйкелуі, химиялық заттармен жиі жанасуы немесе күннің тікелей сәулесінің агрессивті әсері нәтижесінде түзілім қатерлі ісікке айналып, тез өсіп кеткен. Сондай-ақ, балалық және жасөспірім шақта алынған күн күйіктері ісік дамуына үлкен әсер етуі мүмкін.
Аурудың алдын алу шараларына күннің астында орынды уақыт өткізу жатады. Егер күн астында ұзақ болу қажет болса, ашық тері бөліктерін тікелей күн сәулесінен қорғау қажет. Ұзын жеңді жейде, кең жиекті бас киім киіңіз және қорғаныш факторы кемінде 15 болатын күннен қорғайтын крем пайдаланыңыз. Теріңіздің барлық бөлігін үнемі қарап отырыңыз. Жылына бір рет тексеру орындарына барып тұрыңыз. Егер теріңізде күмән тудырған қандай да бір өзгеріс байқасаңыз, міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз.
«Көпбейінді облыстық аурухана» ШЖҚ МКК
Дәрігер онкохирург Сабитова Айгерим Бекбулатовна