15 қыркүйектен бастап медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) көрсету ұйымдарына тіркелу науқаны басталды. Емхана таңдауда басты ескеретін жайт – ол үйден немесе жұмыстан 15-20 минут уақытта жаяу жететін жерде орналасқаны жөн. Бұл дәрігер көмегі қажет болған жағдайда оның жедел жетуіне, сондай-ақ, отбасы мүшелерінің бәрінің бір дәрігерге қаралуына мүмкіндік береді.
Емханаға тіркелудің бірнеше жолы бар:
№1. Онлайн тіркелу
Ол үшін egov.kz сайтында "Денсаулық сақтау" – "Медициналық көмек" – "Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға бекіту" қызметін таңдау қажет. Одан соң "Қызметке онлайн тапсырыс беру" түймесін басып, ЭЦҚ арқылы енгеннен кейін өтініш бересіз.
№2. Telegram-bot арқылы тіркелу
Ол үшін Telegram мессенджерінде @Kenes1414Bot-қа жазылып, қарапайым тіркеуден өтіп, ары қарай қызмет түрі – медициналық ұйымға мессенджер арқылы тіркелу мен емхананы таңдау қажет.
Қызметті көрсету мерзімі – 1 жұмыс күні. Ботпен жұмыс істеу үшін eGov.kz-ке тіркелген болып, ұялы телефонның нөмірін порталдың профиліне байланыстыру қажет. Телефонды тіркеу және байланыстыру ЭЦҚ пайдалана отырып жүзеге асырылады. Сонымен қатар, iKomek109 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, азаматтың қаланың белгілі бір емханасына тіркелгені туралы ақпарат алуға болады.
№3. Емханаға келіп тіркелу
Ол үшін еркін түрде жазылған өтініш пен жеке басын куәландыратын құжатты беру қажет. Алайда, емханаға тұрғындардың келесі санаттары ғана келіп тіркеле алады:
- зейнеткерлер;
- мүгедектер;
- заң бойынша бала кезінен мүгедекке тағайындалған қамқоршылар;
- қорғаншылар не қамқоршылар, патронат тәрбиешілер;
- колонияларда (жазасын өтеу орны бойынша) жазасын өтеп жатқан сотталған адамдар;
- студенттер;
- мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер;
- шет мемлекеттерде туған балалар;
- сенімхат бойынша тіркеуді ресімдейтін адамдар.
Бұрынғы емхананың қызметі көңіліңізден шықса, тіркеу науқаны барысында қайта тіркелудің қажеті жоқ. Емхананы:
- басқа жерге қоныс аударғанда;
- жұмыс, оқу орнын ауыстырғанда;
- жазасын өтеу орнын ауыстырғанда;
- әскери борышын өтеу кезінде;
- медициналық мекеме жабылғанда не қайта ұйымдастырылғанда ауыстыруға болады.
Сондай-ақ, өзіңіз тіркеуде тұрған емхана қызметіне көңіліңіз толмаған жағдайда да өзге емдеу ұйымына тіркелуге болады. Алайда, емхананы жылына бір реттен артық ауыстыруға болмайды.
Назар аударыңыз: тіркеу науқаны Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында тіркелген, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша медициналық қызмет көрсететін медициналық ұйымдар арасында ғана жүргізіледі.
Тіркелуге болатын емханалар тізімін Қордың ресми сайтындағы "Клиника таңдау" бөлімінен қарауға болады.
Емхана таңдау науқаны 2 ай – 15 қарашаға дейін жалғасады. Ал биыл, яғни, 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін азаматтар медициналық көмекті қазіргі уақытта тіркелген емханада алады.
Естеріңізге сала кетейік, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде ем алуға құқылы. Ал жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы шарт.
Азаматтар өзінің медициналық сақтандыру мәртебесін:
- Электрондық үкімет порталында;
- қор сайтында;
- Telegram желісіндегі SaqtandyryBot арқылы біле алады.